Өзбекстан футболшыларына қандай сый берілетіні белгілі болды

06.06.2025, 22:17

Ел президенті былтыр Олимпиадада чемпион болып келгендерге жол талғамайтын автокөлік пен үй сыйлаған болатын

Gazeta.uz

Өзбекстан құрамасы футбол тарихында алғаш рет Әлем чемпионатына жолдама алды. Осы тарихи жетістік үшін футболшыларға мемлекет тарапынан берілетін марапат белгілі болды. 

Өзбекстандық БАҚ-тарының хабарлауынша, құраманың барлық ойыншыларына BYD Champion маркалы автокөлік сыйға тартылмақ. Сондай-ақ, ұлттық құрама ойыншылары мен жаттықтырушылар құрамы «Өзбекстан мақтанышы» (Uzbekiston iftixori) атағына ие болады.

Кешегі шешуші ойыннан кейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев команда өкілдерімен тікелей байланысып, ризашылық пен мақтаныш сезімін білдірді. Ол бұл жетістік – ойыншылардың жанкештілігі мен қажырлы еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.

Еске салайық, әлем чемпионатына іріктеу турнирінде Өзбекстан 5 маусымда БАӘ құрамасымен кездесіп, 0:0 есебімен тең ойнады. Бұл нәтиже өзбек командасының топта екінші орын алуына жеткілікті еді.