«Жұмыстан сұранып келген»: қоймада істейтін қақпашы «Бавариядан» 10 гол өткізді

Редактор
Бүгін, 00:55

Ол өзінің бала кездегі арманын осылайша орындап отыр

Getty Images

Жаңа Зеландияның «Окленд Сити» клубының қақпашысы Конор Трейси клубтық әлем чемпионатына қатысу үшін негізгі жұмыс орнындағы басшылығынан сұрануға мәжбүр болған.

Трейси күнделікті өмірде фармацевтикалық компанияның қоймасында жүк көтергіш көліктің жүргізушісі болып жұмыс істейді. Сондықтан клубтық мундиальға қатысу үшін оған жыл сайынғы еңбек демалысынан бөлек, ақысыз демалыс күндерін де алуға тура келген.

«Маған жыл сайынғы демалысымды ақысыз демалыспен біріктіруге тура келді. Кейін пәтерақы мен басқа да төлемдер жағынан біраз қиындық туындайтыны анық. Бірақ бұл – «Бавария», «Бенфика» және «Бока Хуниорс» секілді клубтарға қарсы ойнауға тұрарлық шешім», — деді Трейси.

Турнирдің алғашқы кездесуінде «Окленд Сити» мюнхендік «Бавариямен» кездесіп, 0:10 есебімен оңбай жеңілді. Соған қарамастан Конор Трейси қақпаны 90 минут бойы күзетті. Есесіне бала күнгі арманын орындап, кумирі Мануэль Нойермен қол алысты.