«Ол жақта нелерің бар?». Өзбекстандық маман Қазақстанның УЕФА-ға көшу туралы шешімін сынаған

Редактор
17.06.2025, 10:40

Шацких Қазақстанның неліктен Еуропаны таңдағанын түсіне алмайтынын жеткізді

dynamo.kiev.ua

Өзбекстан футболындағы белді тұлға әрі Астана қаласының бұрынғы «Локомотив» клубының шабуылшысы Максим Шацких Қазақстан футбол федерациясының стратегиялық таңдауына қатысты пікірталасты қайта жандандырды. Әңгіме Қазақстанның 2002 жылғы 25 сәуірде Азия футбол конфедерациясынан (АФК) ресми түрде шығып, Еуропа футбол қауымдастықтары одағына (УЕФА) кіргені жайлы.

Қазақстандық футболдың халықаралық аренадағы болашағына қатысты пікір білдірген Шацких Қазақстанның неліктен Еуропаны таңдағанын түсіне алмайтынын жеткізді.

«Мен бұл туралы үнемі айтатынмын. Қазақстанда жүргенде олардан: «Ол жақта нелерің бар?» деп сұрайтынмын», – дейді Шацких қазақстандық әріптестерімен болған әңгімесін еске алып.

Ол Қазақстан құрамасы АФК құрамында қалғанда, әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болатынын алға тартты.
Ол мұндай шешімнің болжамды себептерін саралай отырып, соның бірі ретінде қазақстандық ойыншылардың еуропалық клубтарға ауысуын жеңілдету деп атады.

«Бәлкім олар Еуропаға ойыншыларын сату оңай болсын деп ауысқан шығар. Білмеймін. Бірақ Қазақстанда бұл сұраққа маған ешкім жауап берген жоқ», – деді ол.

Шацких бүгінгі Қазақстан құрамасының УЕФА аясындағы іріктеу турнирлерінде табысты өнер көрсетуіне күмәнмен қарайтынын жеткізді.

«Қазір оларға қандай да бір беделді турнирге шығу іс жүзінде мүмкін емес. Сол кезде қабылданған шешім бүгінгі жағдайға ықпал етіп, көптеген сұрақты ашық күйінде қалдырды», – деп қорытты ол.

Айта кетейік, УЕФА-ға өтпей тұрып, Қазақстан құрамасы 1998 және 2002 жылдардағы әлем чемпионатына, сондай-ақ 1996 және 2000 жылдардағы Азия кубогына іріктеу турнирлеріне қатысқан. Сол кезеңдегі ең жоғары жетістік – 1998 жылғы әлем чемпионатына іріктеудің бірінші кезеңінде өз тобында екінші орын алғаны, бірақ бұл келесі кезеңге өтуге жеткіліксіз болды.