Көпшілік Ермек Тұрсыновты "Келін", "Шал" фильмдерін түсірген режиссер ретінде біледі.
Бірақ Ермек Тұрсынов ұзақ жыл бойы футзалдан Қазақстан құрамасының капитаны болған. Тіпті, 2000 жылы Гватемалада өткен әлем чемпионатына тұңғыш рет жолдама алған ұлттық құраманың лидері болған.
Ермек Тұрсынов бүгінгі подкаста "Мен ең алдымен футболшымын, сосын барып режиссермін" деп ағынан жарылды. Әлі күнге дейін доп тебетін режиссердің футболға деген махаббаты басылмаған. Футбол жайлы фильм түсіру ойында бар, бірақ әзірге жоспарында жоқ. Себебі, әлемдегі нөмір бірінші спорт жайлы фильмдердің ешқайсына көңілі толмайды. Ол үшін қаржы керек.
Ермек Тұрсынов кәсіби футболдан шаршаған соң емес, көңілі қалғаннан кеткен екен. Өйткені, 2000 жылы әлем чемпионаты қарсаңында ҰҚК-де лауазымды қызмет атқарған Рахат Әлиев команда қатарына басқа ойыншыларды мәжбүрлеп кіргізіп, айрандай ұйып отырған ұжымның берекесін қашырған.
Одан бөлек, режиссер футболдағы легионерлер жайлы да сөз қозғады. ҚПЛ-де легионерлер саны көбейеді деген соңғы шешімнің дұрыс жағы да, бұрыс жағы да барын айтты.