ФИФА жылдың ең үздік бапкері мен қақпашысын таңдады

Редактор
16.01.2024, 09:13

Сонымен қатар, ФИФА 2023 жылдың символикалық құрамасын да жариялады

Joe Prior/Visionhaus via Getty Images

Халықаралық футбол қауымдастығы (ФИФА) 2023 жылдың ең үздік қақпашысы деп «Манчестер Сити» голкипері Эдерсон Мораесті атады. Ал, ең үздік бапкер – Хосеп Гвардиола. The Best FIFA Football Awards 2023 сыйлықтарын салтанатты табыстау рәсімі 16 қаңтарға қараған түні Лондонда өтті.

Эдерсон Мораес былтыр өз клубымен бірге требл жасаған болатын. Атап айтқанда, «Манчестер Сити» Англия кубогін, Англия Премьер-лигасын және Чемпиондар лигасын жеңіп алған.

Ал, «Манчестер Юнайтедтің» әйелдер командасының қақпашысы Мэри Ирпс – әйелдер футболындағы ең үздік қақпашы.

Әйелдер футболындағы ең үздік бапкер жүлдесі Англия құрамасының жаттықтырушысы Сарина Вигманға табысталды. Ол аталған сыйлықты осымен төртінші рет иемденіп отыр. Бұған дейін Вигман 2017, 2020 және 2023 жылдары марапатталған.

Ал, ерлер футболының ең үздік бапкері номинациясын «Манчестер Ситиді» жаттықтыратын Хосеп Гвардиола жеңіп алды.

Бұдан бөлек, ФИФА 2023 жылдың символикалық құрамасын да жариялады:

  • Қақпашы: Тибо Куртуа
  • Қорғаушылар: Кайл Уолкер, Джон Стоунз, Рубен Диаш
  • Жартылай қорғаушылар: Бернарду Силва, Джуд Беллингем, Кевин де Брюйне
  • Шабуылшылар: Лионель Месси, Эрлинг Холанд, Килиан Мбаппе, Винисиус

Ал, бразилиялық Гильерме Мадруганың соққан голы Пушкаш сыйлығын жеңіп алды.