Адамес Америкада да аз қаржыға жекпе-жекке шығуға қарсы болмаған
Доминикан-америкалық бокс шолушысы, инсайдер Broadway Joel орта салмақтағы WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы Карлос Адаместің WBO және IBF белбеулерінің иегері, қазақстандық Жәнібек Әлімханұлымен біріккен титулдық жекпе-жектен «қашуының» себебін анықтағанын хабарлады.
Бұған дейін Сауд Арабиясының бокс супер-инвесторы Турки әл әш-Шейх Адаместі «Қазақ стилімен» жекпе-жек ұйымдастыруды болдырмауға себепкер болды деп айыптаған. Оның айтуынша, Адаместің өкілдеріне Таяу Шығыста жекпе-жек өткізу туралы ұсыныс жіберілген, алайда бірнеше күн өткеннен кейін ешқандай жауап болмағандықтан, ол ұсынысты кері қайтаруға мәжбүр болған.
Broadway Joel Адаместің командасымен байланысып, олардың жағдайға қатысты нұсқасын білді:
«Маған айтқандай, Адаместің командасы бұл жекпе-жек үшін Сауд Арабиясынан көбірек ақша алғысы келген. Бірақ олар Америкада да аз қаржыға шығуға қарсы болмаған. Осы жайт келіссөздерге кедергі келтірген. Әл әш-Шейх Адамеске «көңілінен шығатын» ұсыныс жасағанын айтқан. Бірақ менің түсінгенім, бұл ұсыныс Адаместің командасына жеткіліксіз көрінген. Олар өткен сапарында Сауд Арабиясында өздеріне дұрыс қарамағанына ренжіген. Алдымен әуежайда кідіріс болды, содан кейін Турки Хамза Шираздың бұрышына барып, оның ұпаймен алда келе жатқанын айтқан. Ақырында жекпе-жек тең аяқталды, ал Карлос өзін анық жеңімпаз санаған. Сондықтан ол: «Егер мен тағы да Сауд Арабиясына барып, осының бәрінен өтуім керек болса, мен өтемақы талап етемін. Бірақ егер жекпе-жек Америкада өтетін болса, аз ақшаға да шығуға дайынмын» – деп айтқан. Сондықтан жағдай осылай», - деп түсіндірді инсайдер.
Айта кетейік, бұған дейін Сауд Арабиясының ойын-сауық істері жөніндегі басқарма төрағасы Турки әл-Шейх Жәнібек пен Адамес арасында біріккен титул үшін жекпе-жек ұйымдастырмақ болғанын, алайда бұл жоспар доминикандық боксшының кесірінен іске аспағанын мәлімдеген еді.