Бұл трансфердің маңызын арттырып тұрған жайт – клубтың тарихи мәртебесі
Өзбекстандық шабуылшы Нодирбек Бобомуродов кәсіби мансабын Англияда жалғастыратын болды. Ол жергілікті «Крэй Уондерерс» клубымен келісімшартқа қол қойды. Бұл жөнінде спорт журналисі Александр Троицкийдің Telegram-арнасында хабарланды.
Бобомуродовтың жаңа командасы Истмий лигасында ойнайды. Бұл лига Англия футбол лигалары жүйесіндегі жетінші деңгейдегі дивизион саналады.
Бұл трансфердің маңызын арттырып тұрған жайт – клубтың тарихи мәртебесі. «Крэй Уондерерс» 1860 жылы құрылған және ресми түрде Лондондағы ең көне футбол клубы саналады. Құрылған жылы жағынан бұл клуб тек «Шеффилдтен» кейінгі орында тұр, себебі «Шеффилд» әлемге клубтық футболдың бастауында тұрған ұжым ретінде белгілі.
Нодирбек Бобомуродовтың мансап жолы өзбек футболшылары үшін әдеттегіден өзгеше. Ол футбол әліппесін Англияда үйреніп, мамандандырылған білім алған және карьерасының басым бөлігін Тұманды Альбионның төменгі дивизиондарында өткізген. Яғни ағылшын футболының ерекшеліктеріне әбден бейімделген ойыншы.
2023 жылы ол өз тарихи отанына оралып, Термез қаласының «Сурхон» клубының құрамына қосылды. Алайда бұл кезең ұзаққа созылмады: негізгі құрамнан тұрақты орын таба алмаған соң, футболшы шамамен алты айдан кейін клубтан кетіп, қайтадан Британияға оралды.
2024 жылдың соңында ол Ауғанстанның «Аттак Энерджи» клубымен келісімшартқа отырды. Осы команда сапында ел чемпионатына қатысып, күміс жүлдеге қол жеткізді. Алайда көп ұзамай клуб қаржылық қиындықтарға тап болып, таратылды, нәтижесінде Бобомуродов еркін агент мәртебесіне ие болып, Англияда жаңа мүмкіндікке жол ашылды.
Айта кету керек, «Крэй Уондерерс» клубын кезінде Лондон-Чатем-Дувр теміржол тармағын салған мигрант жұмысшылар құрған. Команда алғашқы матчтарын түскі үзіліс кезінде шалғынды алқаптарда өткізген.