Футболшылардың қолына шамамен 8 миллион теңге түседі
Түркістанның «Тұран» футбол клубының қаржылық ахуалына қатысты күтпеген мәліметтер жария болды. Спорт комментаторы Ермұхамед Мәуленнің мәлімдеуінше, клубтағы кейбір ойыншылардың жалақысы айына 11 миллион теңгеге жетеді.
«Маған бір инсайдер: «Сіз «Тұранды» үнемі қорғайсыз, бірақ олардың ақшасы жоқ деген бос сөз» деді. Басында сенбедім. Алайда Жуковский мен негізгі құрам кеткен соң, жаңадан келген ойыншылардың жалақысы екі есе артқаны белгілі болды», – деді Мәулен.
Оның сөзінше, салықтар шегерілген соң футболшылардың қолына шамамен 8 миллион теңге түседі. Ал негізі «Тұран» клубының есепшісі 11 млн теңге аударады екен. Мәулен бұл мәліметке күмәнданғандарға Түркістан облысы әкімдігіне ресми сұрау жолдауға кеңес берді.
Дағдарыс пен нәтиже
Айта кетейік, маусым барысында «Тұран негізгі құрамдағы 15 футболшымен және бас бапкер Виталий Жуковскиймен қоштасты. Бұған қоса, клубта бірнеше ай жалақы төленбегені және миллиондаған теңге көлемінде қарыз бары бұған дейін хабарланған.
ҚПЛ турнир кестесінде «Тұран» 17 турдан кейін небәрі 11 ұпай жинап, 13-орында тұр.