Дауға себеп – Әлиевтің жоғары мөлшердегі жалақы алуына қатысты еңбек шарты
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов футболдан ұлттық құраманың бас бапкері Әли Әлиевтің «Қызылжар» клубындағы жалақысына байланысты дауға қатысты пікір білдірді.
Еске сала кетейік, «Қызылжар» футбол клубы бұрынғы бас бапкер, қазіргі ұлттық құраманың жаттықтырушысы Әли Әлиевпен арадағы еңбек шартын заңсыз деп тану туралы істі сотта жеңіп шыққан. Дауға себеп – Әлиевтің жоғары мөлшердегі жалақы алуына қатысты еңбек шарты.
Үкімет отырысындағы брифингте Ербол Мырзабосынов аталған іске қатысты былай деді:
«Бұл іс әлі аяқталған жоқ. Шешімге шағым беріледі. Федерация Әлиевтің әрекетінің заңдылығына сенімді. Айта кету керек, еңбек инспекциясы бұл келісімшартты жарамды деп таныды, ал Әлиев кассациялық шағым түсіріп жатыр», – деді министр.
Журналистер министрден: «Бірінші сатыдағы сот келісімшартты жарамсыз деп таныды. Қалай ойлайсыз, 10 миллион теңге бұл әділетті жалақы ма?» – деп сұрады.
Министр бұл сұраққа:
«Барлық рәсімдер аяқталған соң нақты жауап береміз. Қазір бұл мәселеге қатысты министрліктің нақты ұстанымы жоқ», – деп жауап берді.
Даудың мәні неде?
Әли Әлиев 2023 жылдың 1 маусымында «Qyzyljar» клубына ресми түрде бас бапкер болып тағайындалып, жалақысы 6,5 миллион теңге болып бекітілген. Бұл келісім Қазақстан футбол федерациясы мен лигада тіркеліп, барлық рәсімдерден өткен. Алайда арада алты ай өткен соң, яғни 2024 жылдың 3 қаңтарында маманмен келісімшарт қайта жасалып, жалақысы 10 миллион теңгеге дейін өскен. Бұл ретте келісім мерзімі 2025 жылдың соңына дейін ұзартылған. Ал клубтың штат кестесінде 2024 жылға арналған бапкерлік жалақы 1 миллион теңге деп көрсетілген.