Жарнама
Жарнама
Реклама
Реклама

«Қонақ үйден шықпаңыздар». «Спарта» жанкүйерлерін Ақтөбеде күзетпен алып жүрді

Редактор
24.07.2025, 17:24

Чех жанкүйерлеріне қалада еркін жүріп-тұруы үшін күзет пен арнайы көлік бөлінген

instagram.com/acsparta_cz

Конференциялар лигасы аясында «Ақтөбемен» өтетін ойынды тамашалауға келген Праганың «Спарта» клубының жанкүйері Мартин Полак неліктен жергілікті құқық қорғау органдарының ерекше назарына іліккенін айтты.

44 жастағы Полак досымен бірге Астана арқылы сүйікті командасының ойынына келіпті. Ақтөбеге олар 23 шілде күні таңсәріде жеткен.

«Бізді Ақтөбе әуежайында полиция қызметкерлері ұстап алды. Жеке басымызды анықтап, төлқұжаттарымызды суретке түсірді де, қайда орналасқанымызды сұрай бастады», – дейді Мартин iSport.cz басылымына берген сұхбатында.

Чех жанкүйерлері полицейлердің назарын Полак киген «Спарта» жазуы бар жейде аудартқан деп болжайды. Полак құқық қорғаушыларға өзі тұрып жатқан қонақ үйдің мекенжайын айтқан.

«Кейін біз тоқтаған қонақүйге полиция келіп, түрлі сұрақтар қоя бастады. Сол сәттен бастап менің нөмірім Ақтөбедегі полиция арасында «айналымға» түсті – кезекшіліктері ауысқан сайын бір-біріне беріп отырады», – деп күледі турист.

Оның сөзінше, алғашқы күннің өзінде оған төрт түрлі нөмірден қоңырау түскен. Кейінірек қонақтарға мұның бәрі сақтық шараларына байланысты екені түсіндірілген. Себебі бұған дейін «Легия» командасы Ақтөбеге келгенде, үш қазақстандық жанкүйер польшалық жанкүйерлерді соққыға жыққан.

«Бастапқыда «Өз қауіпсіздігіңіз үшін қаладан шықпауға кеңес береміз» деді. Бірақ екі күн бойы қонақ үйде отырып не істейміз?», – дейді Мартин.

Ақыры чех жанкүйерлеріне қалада еркін жүріп-тұруы үшін күзет пен арнайы көлік бөлінген.

«Бізге клубтық атрибутика кимеуге кеңес берілді. Абырой болғанда, өзіммен кәдімгі киім алып келіппін. Бірақ мен Неаполь, Белград пен Загребке барған адаммын. Бұл жерден де аман өтемін ғой», – деп әзілдейді Полак.

Нәтижесінде Мартин Полак қаланың көрікті жерлерін жеке күзетпен аралаған.

Реклама
Реклама
Реклама
Реклама