Елордалық клуб молдовалық «Зимбру» командасымен 1:1 есебінде тең түсті
Астанада УЕФА Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінің алғашқы ойыны өтті. Елордалық «Астана» футбол клубы алғашқы ойында жеңіске жете алмады. «Астана Аренада» өткен кездесуде молдовалық «Зимбру» командасымен 1:1 есебінде тең түсті. Ойынды Беларусь елінен келген бас төреші Амин Кургхели басқарды.
Ойын алдындағы букмекерлік болжамдар мен сарапшылар пікірі бойынша, қазақстандық клуб айқын фаворит саналған еді.
Командалардың старттық құрамы:
«Астана» (Қазақстан): Чондрич, Бартолец, Казуколовас, Калаица, Вороговский, Томасов, Аманович, Башич, Камара, Грипши, Чинеду.
«Зимбру» (Молдова): Чеботарь, Доссо, Бургиу, Штефан, Золотов, Лу Ранера, Бруну Паш, Шарковский, Диогу Родригеш, Дахан.
Ойын басталғаннан бастап алаң иелері допқа иелік етіп, бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Дегенмен шабуылдар нәтижесіз аяқталды. Ал бірінші таймның қосымша минутында қонақтар есеп ашты. Екінші таймда «Астана» ойын тізгінін өз қолына алып, 56-минутта есепті теңестірді. Гол авторы – Иван Башич. Қалған уақытта елордалық команда жеңіс голын соғуға тырысқанымен, таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.
Матч нәтижесі:
«Астана» — «Зимбру» 1:1 (0:1)
Голдар: Дахан 45+1 (0:1), Башич 56 (1:1)
Жауапты кездесу 31 шілде күні Кишинев қаласында өтеді. Келесі кезеңге өтетін команданың тағдыры Молдовадағы қарымта ойында шешіледі.