Жарнама
Жарнама
Реклама
Реклама

Қазақстан құрамасының бас бапкері «Қызылжардан» 200 миллион теңге талап еткен

Редактор
Бүгін, 00:04

Клуб өз кезегінде бұл өтемақыларды төлеуден бас тартқан

ҚФФ

Петропавлда «Қызылжар» футбол клубының жаңа басшылығы мен команданың бұрынғы бас бапкері, қазіргі Қазақстан ұлттық құрамасының тізгінін ұстаған Әли Әлиев арасындағы сот дауы жалғасып жатыр.

«Орда» басылымының жазуынша, Әлиев клубтан жүлделі орындар үшін төленетін бонус, жалақы қарызы мен өтемақы талап етіп отыр. Жалпы сома - 201 миллион теңге.
Бұған дейін БАҚ-та Әлиевтің «Қызылжардағы» айлығы шектен тыс жоғары болғаны айтылған еді. Нақтырағы, ресми түрде 1 миллион теңге деп көрсетілгенімен, оған ай сайын 10 миллион теңге төленіп отырған. Алайда клуб басшылығы ауысқан соң бұл төлемдердің заңды тіркелмеген еңбек келісімшартына негізделгені анықталды.

Петропавлдың азаматтық соты клубтың талабын қанағаттандырып, тіркелмеген келісімшартты заңсыз деп таныды. Сот 2024 жылғы жалақыны қайта есептеуді міндеттеді. Алайда Әлиев бұл шешіммен келіспей, 2025 жылдың 9 қаңтарында Қазақстан футбол федерациясы жанындағы дауларды шешу палатасына жүгінген.

Ол арызында клубтан екінші келісімшарттың бұзылуы үшін 120 млн теңге, 2024 жылдың қыркүйек-желтоқсан айларына тиесілі 40 млн теңге жалақы қарызы, сондай-ақ турнир кестесіндегі бесінші орын үшін 20 млн, чемпионаттағы 11 жеңіс үшін 11 млн және еңбек келісімшартын жасағаны үшін жеке бонус ретінде 10 млн теңге талап етті.

Клуб өз кезегінде бұл өтемақыларды төлеуден бас тартқан. Дауларды шешу палатасына жолдаған ресми жауабында клуб қосымша келісім бойынша қарызды өтеу кестесін бекітуді ғана сұраған.

Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысында:

«Әли Әлиевтің 9 қаңтардағы өтінішіне жауап ретінде серіктестік өтемақы ретінде 120 млн теңге және 40 млн теңге көлеміндегі төлемдерді төлеуден бас тартқаны көрсетілген», – делінген.

Кейін Петропавл қалалық №2 соты клуб пайдасына шешім шығарып, Әлиевтің шағымын қанағаттандырған жоқ.

Ал 25 шілде күні Петропавлдың азаматтық соты жаңа шешім қабылдады: ол «Қызыл-Жар СК» ЖШС-нің талабын қанағаттандырып, 2022-2023 жылдарға арналған еңбек келісімшартына жасалған екі қосымша келісімді заңсыз деп таныды. Сондай-ақ Әли Әлиевтен клуб өкілінің қызметі үшін 1 миллион теңге өндіріп беру туралы шешім шығарылды. Бұл шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, «Қызылжар» Қазақстандағы ең бай клубтардың алғашқы бестігіне кіреді. 2025 жылға арналған бюджеті - 2 миллиард теңге. Командада 11 легионер бар. Алайда петропавлдық клубтың Премьер-лигадағы жағдайы мәз емес. Жақында команда тағы бір ойында жеңіліп қалды. Енді алда тоғыз кездесу бар.

Реклама
Реклама
Реклама
Реклама