Екі айыппұл да 2025 жылдың 29 тамызына дейін төленуі тиіс.
Қазақстан футбол федерациясының Бақылау, тәртіптік және әдеп комитетінің отырысы өтті. Жиын қорытындысы бойынша бірқатар шешім қабылданды.
«Қайрат» – «Қайсар» матчы (17-тур)
«Қайрат» футбол клубына матчты тиісті деңгейде ұйымдастырмағаны және регламент талаптарын орындамағаны үшін ескерту жасалды. Бұл шешім 2025 жылғы маусымның 17-турында тіркелген делегаттың баяндамасына негізделген.
«Елімай» – «Жетісу» матчы (18-тур)
«Жетісу» клубының бас бапкері Самат Смақов төрешілер беделіне нұқсан келтіретін мәлімдемесі үшін 100 АЕК (393 200 теңге) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Айыппұлды 2025 жылдың 29 тамызына дейін төлеуі қажет.
«Қайсар» – «Қызылжар» матчы (18-тур)
«Қайсар» клубы жанкүйерлері бас төрешіге бағытталған балағат сөздер айтқаны үшін 60 АЕК (235 920 теңге) айыппұлмен жазаланды.
Ал «Қызылжар» клубы ойын барысында тәртіпсіздік танытқаны үшін 100 АЕК (393 200 теңге) айыппұл арқалады. Атап айтқанда, матч кезінде клубтың алты ойыншысы сары қағаз алған.
Екі айыппұл да 2025 жылдың 29 тамызына дейін төленуі тиіс.
Айта кетейік, бұған дейін Самат Смақов «Елімайға» қарсы ойында төрешілер жұмысына наразы болып, «мұндай бассыздықпен соңына дейін күресетінін» айтқан.