Медиа кеңістікте екеуінің бірге жүрген фотолары тараған
Вильнюс қаласының «Жальгирис» футбол клубының жанкүйерлер тобы «Pietų-IV» клуб президенті Вильма Венсловайтеға қатысты ашық мәлімдеме жариялады. Бұл туралы «Delfi.lt» сайты жазды.
Мәлімдемеде жанкүйерлер клуб басшысы мен бас бапкер Владимир Чебуриннің тек жұмыс қатынасымен шектелмейтін байланыстары бар деген күдікті мәлімдеген. Олар бұл күдіктердің бұрыннан айтылып жүргенін, алайда жақында әлеуметтік желі мен медиа кеңістікте екеуінің бірге жүрген фотолары тарағаннан кейін, жанкүйерлердің «шыдамы таусылғанын» айтты.
«Бұл — біздің шыдамымызды тауысқан жағдай. Мұндай әңгімелерді бұрыннан естіп жүрміз. Бірақ сену-сенбеу — әркімнің өз еркі. Біз де дәлелсіз ештеңе айтқымыз келмейді. Алайда маусым барысында бапкер мен президенттің қаланың әр жерінде бірге жүрген суреттері жариялана бастағанда, клуб күлкіге айналды. Бұл біздің аңызға айналған "Жальгирис" беделіне нұқсан келтірді», — делінген фанаттардың мәлімдемесінде.
Қазіргі маусымда нәтиже нашар болғанымен, Владимир Чебуриннің Литва футболындағы еңбегі орасан. Ол соңғы бес жылда «Жальгириске» жеті трофей әкеліп, оның ішінде үш мәрте ел чемпионы атандырды. 2023 жылы бапкер командасын Конференциялар лигасының топтық кезеңіне дейін жеткізген.
Айта кетейік, Чебурин Литвада 2013 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ал Қазақстанда ол Қарағандының «Шахтёр» клубындағы қызметімен танымал.