«Қайрат» Словакияның «Слован» командасын жеңді
«Слован» клубының жартылай қорғаушысы Роберт Мак Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде «Қайратқа» қарсы өткен ойыннан кейін өз әсерімен бөлісті.
«Мұндай сәтті бастан өткеру оңай емес. Біз жеңіске жетіп, келесі кезеңге өте алатынымызға сендік. Сол себепті алаңға шабуылға бағытталған тактикамен шықтық. Екінші таймды өте жақсы бастадық, менде гол соғатын мүмкіндік болды. Алайда доп бағанға тиіп, қақпаға кірмей қалды. Пенальти — нағыз лотерея, бұл жолы қарсылас өз мүмкіндігін жақсы пайдаланды, ал бізге сәттілік жетіспеді. Өкінішке қарай, футбол осындай: былтыр осы кезеңде біз қуанышқа бөленсек, биыл көңіліміз түсіп отыр», - деді Мак.
Еске сала кетейік, бір апта бұрын екі ұжым Алматыда кездескен. Сол кезде 1:0 есебімен «Қайрат» жеңіске жеткен. Бұл жолы Братиславада «Слован» негізі уақытта дәл осындай нәтижемен басым түсті. Плей-офф кезеңінде «Қайрат» Шотландияның «Селтик» клубымен кездеседі.