Отандық бапкер болса, әлдеқашан орнынан кетер еді
Танымал қазақстандық футбол маманы Болат Есмағамбетов «Қайсар» мен «Ордабасы» арасындағы матчқа қатысты пікір білдірді.
Екі ұжым Премьер-лиганың 20-туры аясында Қызылордада кездесіп, 1:1 есебімен тең тарқасқан.
«Мен шымкенттік жанкүйерлердің сабырлығына таңғаламын. Еурокубокта грузиндерден ұтылды. Чемпионатта аутсайдер командаларға ұпай таратып жүр. Сонда да ешкім үндемейді. Жергілікті жанкүйерлер мықты екен. Отандық бапкер болса, әлдеқашан орнынан кетер еді, ал шетелдік мамандардың алдында біз бас иеміз», - дейді Болат Есмағамбетов Sports.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Ол бұл матчта «Қайсар» матч бойы аса ештеңе көрсеткен жоқ. Жеңісті ұстап тұра алмады. Тіпті жеңіліп қалу мүмкін еді дейді.
«Бұрын кейбір лигаларда тең ойындардың лимиті болған, ол орындалған соң команда ұпайынан айырылатын. Мұны келісілген матчтармен күрес деп түсіндірген. Қызық, егер қазір сондай ереже болса, «Қайсар» қай орында тұрар еді екен?Көп тең нәтиже – тіпті орнында қалу үшін күресіп жүрген клубтарға да теріс әсер ететін фактор. Бәсекелестерің 1-2 рет жеңіске жетіп-ақ алға шығып кетуі мүмкін. «Қайсар» биылғы ҚПЛ-дағы 19 матчтың тоғызын тең аяқтаған. Әйтеуір, чемпионатта мүлдем ұпай алмай жүрген айқын аутсайдерлер бар. Соның арқасында олардан жоғары тұр», - дейді танымал маман.