Бразилиялық маман бұған дейін «Campo Mourão» футзал клубын жаттықтырған
«Қайрат» футзал клубының тізгінін бразилиялық маман Даниэл Жуниор ұстады. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі хабарлады.
45 жастағы Жуниор маусым айында қызметінен кеткен испандық Марлон Веласканың орнына келді. Келісімшарттың мерзімі мен қаржылық шарттары жария етілген жоқ.
«Қош келдіңіз, Даниэл! Жаңа кезеңде сізге жарқын жеңістер мен үлкен жетістіктер тілейміз», – делінген «Қайраттың» ресми мәлімдемесінде.
Бразилиялық маман бұған дейін «Campo Mourão» футзал клубын жаттықтырған. Бұған дейін ол туған елінде бірнеше команданы жаттықтырып, түрлі трофейлер жеңіп алған.
Сондай-ақ, Бразилияның жасөспірімдер құрамаларын (U17 және U18) Оңтүстік Америка чемпионатында жеңіске жеткізген.
«Қайраттың» жаңа бапкері алғашқы ресми ойынын 23 тамызда өткізеді. Бұл күні Оралда Қазақстан Суперкубогы үшін матч өтіп, алматылықтар «Семей» клубымен кездеседі.