Қарағандыда облыстық футбол қауымдастығының кезектен тыс конференциясы өтіп, ұйым президенті сайланды.
Президент лауазымына кәсіпкер Тимур Турловты сайлау туралы ұсыныс түсті.
Тимур Турлов төрт жылға арналған стратегиялық бағдарламасын таныстырды. Ал бағдарлама өңірде бұқаралық және балалар-жасөспірімдер футболын жүйелі түрде дамытуға бағытталған.
Тимур Турлов өз сөзінде бұл бағыттар ел футболының құрылымындағы өңірлік федерацияның орны мен рөлі тұрғысынан аса маңызды екенін атап өтті. Ол футболдағы үлкен жетістіктер стадиондардан емес, ауладан, мектеп алаңдарынан және доппен алғашқы жаттығудан басталатынын еске салды.
«Бұл тек ортақ жобалар мен іскерлік мүдделерден ғана емес, Қарағанды - ерекше мінезі, дәстүрге бай және спортқа шексіз сүйіспеншілігі бар аймақ. Мұнда футбол - жай ғана ойын емес, бұл - мәдениеттің бір бөлігі», – деді Турлов өз сөзінде.
Бағдарлама бұқаралық футболды дамытуға бағытталған бастамалар, білім беру ұйымдарына арналған жобаларды іске қосу, әуесқой турнирлер жүйесін дамыту, қыздарға арналған футбол фестивальдерін өткізу және өңірдегі елді мекендерде шағын футбол алаңдарын салу сияқты шараларды қамтиды.
Дауыс беру нәтижесінде Тимур Турловтың ҚОФА президенті лауазымына кандидатурасы бірауыздан мақұлданды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Тимур Турлов Қарағандыда заманауи футбол академиясын салу жобасын таныстырған болатын. Бұл академияда балалар, жасөспірімдер мен қыздар футболмен айналыса алады. Жоба құрамына 3 500 адамға арналған стадион, жыл 12 ай жұмыс істейтін жабық манеж, жылытылатын жаттығу алаңы, жатақхана, медициналық бөлмелермен басқа да инфрақұрылым нысандары кіреді.