Ойын 20-нан 21 тамызға қараған түні өтеді
Шотландияның атақты «Селтик» клубының бас бапкері Брендан Роджерс Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі алдағы кездесу алдында өз командасының дайындығын бағалап, алматылық «Қайратқа» ескерту жасады.
Ойын 20-нан 21 тамызға қараған түні «Селтик Парк» аренасында өтеді.
«Құрамда жарақат алған ойыншылар жоқ. Біз ойынымыздың сапасы мен қарқыны келесі кезеңге өтуге жеткілікті болады деп сенемін. Әрине, мұндай ойындар әрқашан қиынға соғады. Біздің басты мақсатымыз – іріктеуден өту. Егер қазіргі құраммен ойнауға тура келсе де, бұған қабілетіміз жетеді. Дегенмен, болашақта команда құрамын күшейтуге тиіспіз. Біз әр матчқа шабуылдауды және өз футболымызды көрсетуді мақсат етеміз. Бұл жолы да солай болады. Бұған дейінгі үш еурокубоктық іріктеудің екеуінде біз алғашқы ойында бес голдан соққанбыз. Сондықтан біз үшін бастысы – қарқынды ойын мен шабуылдағы батылдық. Қарсыласқа оңайлықпен берілмейміз. Жауапты ойынға дейін басымдыққа қол жеткіземіз деп үміттенемін», — деді Роджерс Daily Mail-ге берген сұхбатында.
Айта кетейік, алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі сырт алаңдағы ойынға дайындықты бастады.
Футболшылар алғашқы жаттығуын «Барроуфилд» жаттығу базасында өткізді.