Уразбахтин де, Роджерс те бір-бірін не құраммен, не тактикамен таңғалдыра алған жоқ
20 тамыздан 21-іне қараған түні алматылық «Қайрат» Чемпиондар Лигасының плей-офф кезеңіндегі алғашқы ойынын өткізді.
Шотландияның Глазго қаласында өткен матчта Рафаэль Уразбахтиннің шәкірттері «Селтикке» қарсы алаңға шығып, қарсыластар тең есеппен тарқасты - 0:0. Қарымта матч 26 тамыз күні Алматыдағы Орталық стадионда өтеді.
Осы орайда қазақстандық белгілі футбол маманы Болат Есмағамбетов алғашқы матчқа қатысты пікір білдіріп, «Қайраттың» алдағы ойынына болжам жасады.
«Шотланд футболы маған аса ұнай бермейді. Өйткені олар ойнайтын футбол «ақылды футболға» жатпайды, бәлкім, өздерінің менталитеті солай шығар. Олар үшін ойын – тек айқас.Көпшілік «Селтик» жан-жақтан шабуылға лап қояды деп болжады. Бірақ олай болмады. Керісінше, қауіпті сәттер тұрғысынан «Қайраттың» басымдығы байқалды. Уразбахтин де, Роджерс те бір-бірін не құраммен, не тактикамен таңғалдыра алған жоқ. «Қайрат» батыл шабуылдады, қақпа маңында қауіпті сәттер жасады. Өкінішке қарай, нысанаға дәл түспеді. Дегенмен қорғаныста жатып алмай, орталықтағы пас алмасуы ұнады. Жігіттер комбинация жасауға ұмтылды, - деді ол Sports.kz басылымына берген сұхбатында.
Маман алматылық футболшылардың қорғанысқа жатып алмай, шабуылда да ширақ болғанын айтады.
«Екінші таймда екі жақта да гол соғатын мүмкіндік болды. Әуелі Александр Заруцкий қақпаны аман сақтап, кейін доп бағанадан қайтты. Ал біраздан соң Эдмилсон қарсыластың қақпасына қауіпті соққы жасады, бірақ «Селтик» қорғаушысының қателігін пайдалана алмады.Бастысы, «Қайрат» өз қақпасына қамалып қалмай, қарсыласын ортаңғы аймақта күтіп алды. Сондықтан қорғанысқа ерекше тоқталғым келеді».
Болат Есмағамбетовтің сөзінше, ойыншылардың өзара түсіністігі өте маңызды және сол «Селтикпен» өткен ойында көрінді деп отыр.
«Футболдағы қорғаныс – өте нәзік құрылым. Жаттықтырушылар әдетте оны жиі өзгерте бермейді. Соңғы ҚПЛ матчы алдында «Қайрат» үш гол жіберіп алған еді, ол кезде қорғаныста ротация жасалды. «Селтикке» қарсы ойында негізгі жұп – Александр Мартынович пен Егор Сорокин қайта оралды. Қорғаныстың сенімділігі үш нәрсеге сүйенеді: ойыншылардың өзара түсіністігі, бір-біріне көмектесуі және дұрыс бағыт-бағдар беруі. Егер осының бірі кем болса, оның соңы құлдырауға апарады. Бірақ бұл жолы тәртіп болды, сондықтан команда өзін сенімді ұстады», - деп қосты ол.
Сарапшының қақпашылар өнеріне де көңілі толған:
«Қақпашыларды да ерекше атап өткен жөн. Заруцкий де, ойынға кейін қосылған Темірлан Анарбеков те сенімді ойнады. Футболда қақпашы – команданың жартысы. Ол қиын сәттерде құтқарып отыруы керек. Біздің қақпашылар дәл сол міндетті орындап шықты, бұл өз кезегінде командаластарына сенімділік сыйлады».
Есмағамбетов Алматыда «Қайраттың» жеңіске жетуге мүмкіндігі көбірек деп санайды.
«Матч тең дәрежеде өтті. «Селтик» допты көбірек ұстағанымен, ол ештеңе шешпейді. Бұдан ұпай бермейді. Қазір негізгі кезеңге өту мүмкіндігі 60-қа 40 болып тұр, «Қайраттың» пайдасына. Алматы командасының тарихқа еніп, Еуропаның элиталық клубтарының қатарына қосылуына тамаша мүмкіндік бар. Күрес әлі аяқталған жоқ, қарымта матчта «Селтик» те, «Қайрат» та тәуекелге барады. Біз екінші ойынды асыға күтеміз. Алматылықтарға шын жүректен жеңіс тілеймін!» - деп қорытындылады ойын.