Қазақстан – Уэльс матчына «Жеңіс» клубының жартылай қорғаушысы шақыртылған
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Әли Әлиев алдағы ойын алдындағы баспасөз мәслихатында «Жеңіс» клубының жартылай қорғаушысы Дінмұхамед Қараманды не үшін шақырғанын түсіндірді.
«Мұндай матчта құрамаға диагональді пас бере алатын адам қажет. Асхат Тағыберген карьерасын аяқтады. Бұл жағынан Дінмұхамед Қараманның әлеуеті жақсы. Сол себепті біз оны қатарға қостық. Ол осындай ойындардың атмосферасын сезінуі керек және өзін көрсете білуі тиіс», - деді Әлиев.
Қазақстан – Уэльс матчы 4 қыркүйекте «Астана Аренада» өтеді. Бұл Қараман үшін ұлттық құрамадағы ресми ойында дебют жасап, болашаққа жол ашудың үлкен мүмкіндігі болмақ.
Айта кетейік, Асхат Тағыберген маусым айында Солтүстік Македониямен өткен ойыннан соң ұлттық құрамадағы мансабын аяқтады. Бұл кездесу Тағыбергеннің құрама жейдесіндегі 63-матчы болатын.
Асхат Қазақстан ұлттық құрамасында алғашқы рет Юрий Красножанның жетекшілігімен 2014 жылғы 7 маусымда Будапештте Венгрия құрамасына қарсы жолдастық матчта дебют жасады. 2016 жылы құрамаға оны бас бапкер Талғат Байсуфинов, ал 2017 жылы Александр Бородюк шақырды. 2023 жылы Дания құрамасының қақпасына алыстан соққы бағыттап, ұлттық құрамадағы алғашқы голын салды. Дәл осы голы Пушкаш сыйлығына үміткер болды.