47 жастағы маман футболшылардың алаңға жаңа қарқынмен шығуына әсер болған
Италия құрамасының жаңа бас бапкері Дженнаро Гаттузо алғашқы ойында-ақ сенімді жеңіске жетті. 2026 жылғы әлем біріншілігінің іріктеу кезеңінің 5-туры аясында «Скуадра адзурра» Эстонияны 5:0 есебімен ұтты.
Жанкүйерлер бірінші таймда гол көрмегенімен, үзілістен кейін ойын өрнегі күрт өзгерді. Журналистердің жазуынша, 47 жастағы маман футболшылардың алаңға жаңа қарқынмен шығуына әсер болған.
Қорғаушы Алессандро Бастони матчтан кейінгі сұхбатында былай деді:
«Мен бұрын-соңды Гаттузомен бір командада ойнаған емеспін, бірақ оның қандай екенін елестете аламын! Ол бізге қайсарлық пен жігер сыйлады. Тіпті арасында шапалақпен тартып та жіберді. Бәлкім, бізге осылай сергіту қажет болған шығар. Соңғы кезде дәл осыдан айырылып қалған едік».
Көпшілік Бастонидің сөзін әзіл деп ойлаған. Алайда алаңға шыққан шабуылшы Джакомо Распадори де әріптесінің айтқанын растады:
«Шапалақ шынымен болды, менің желкемнен тартып жіберді. Ол төзімділік деген не екенін жақсы білетін адам. Гаттузо Италия құрамасының жейдесінің құндылығын және бізге кімнің намысын қорғап жүргенімізді көрсетіп келеді. Талантты ойыншылар бар, тек алаңға шығып бар күшімізді салу керек. Бүгін біз басынан аяғына дейін сенімді ойнадық. Мұндай командаға бес гол соғу оңай емес. Біз жақсы дайындалып, нәтижесін көрсеттік. Енді осы қарқынды жоғалтпау керек».
Айта кетерлігі, үзілістен кейін Бастони мен Распадори бір-бір голдан соқты. Тіпті Распадори небәрі 20 минут ішінде екі нәтижелі пас берді.
Дегенмен, іріктеу кезеңіндегі жағдай әлі де мәз емес. Италия келесі ойында сырт алаңда Израильмен кездеседі. Қазіргі таңда «Скуадра адзурра» өз тобында үшінші орында тұр. Олар Норвегия мен Израильден 3 ұпайға қалып келеді, бірақ бір ойыны кем.