Танымал футболшы бұл оқиғаның өзі мен отбасына ауыр соққы болғанын жасырмады
«Реал» клубының шабуылшысы Килиан Мбаппе 2024 жылы Стокгольмде көтерілген зорлау ісіне қатысты даулы айыптаулар жайында алғаш рет ашық пікірін айтты.
Француздың танымал футболшысы бұл оқиғаның өзі мен отбасына ауыр соққы болып тигенін жасырмады. Алайда ол басынан-ақ өзінің еш кінәсіз екенін айқын сезінгенін атап өтті.
«Менің бұл оқиғаға мүлде қатысым болған жоқ. Бірақ адамдардың дүрлігіп, мұны бірден сенсацияға айналдыруы көңіліме қатты тиді. Бұл — өте нәзік әрі күрделі тақырып. Өкінішке қарай, мұндай жағдайды көптеген әйелдер бастан өткереді, сондықтан оны жай ғана дабыра үшін пайдалануға болмайды. Негізгі мәселе – жәбірленуші болуы мүмкін қыздың тағдыры еді. Ал менің бұл іске еш қатысым жоқ екені белгілі болған соң, ол мүлде назардан тыс қалды. Қазір оның қайда жүргенін ешкім білмейді, бәріне бәрібір болды. Бұл – қоғам үшін де, мен үшін де ауыр жағдай», – деді Мбаппе.
Оның айтуынша, полиция тарапынан ешқандай байланыс болмаған, ресми құжаттарда да есімі мүлде аталмаған. Дегенмен Мбаппе үшін ең ауыр соққы – айналасындағы адамдардың сенімсіз көзқарасы болғанын жасырмады.
«Мен басынан-ақ өзімнің кінәсіз екенімді білдім. Бірақ мұндай жағдайда бәрінен бұрын жақындарың қиналады. Әйелдер үшін бұл тіпті күрделірек. Сенің ақ екенің дәлелденсе де, адамдардың жүзінен: „Бәлкім, ең болмаса 1% рас шығар?“ деген күдікті байқайсың. Бұл сөзсіз жаралайды. Дегенмен тағы да қайталап айтамын: менің бұл іске ешқандай қатысым жоқ», – деп түйіндеді футболшы.
Мбаппенің бұл мәлімдемесін Footmercato басылымы L’Équipe-ке сілтеме жасап жариялады.
Айта кетейік, бір жыл бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында Килиан Мбаппе Стокгольмде (Швеция) зорлау фактісі бойынша күдікке ілінгені туралы ақпарат тарады.