Өзбекстан Каннавароны бапкер етсе, ал біз блогердің күйеуін құрамаға қосып отырмыз
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов Лихтенштейн және Солтүстік Македониямен өтетін ойындарға арналған құрама тізімін жариялады. Бұл жолы тізімде «Жетісу» қорғаушысы Дінмұхаммед Қашкеннің есімі бар. Мұны естіген жанкүйерлер желіде түрлі пікірлер жазып жатыр.
Көптеген жанкүйерлер қорғаушының ұлттық құрамаға лайық емес екенін айтып, оның жеке байланыстар арқылы шақыртылғанын меңзеді.
«Құрамаға блогерлерді шақыратын болған ба? Қашкен – блогер қыздың күйеуі, бірақ қорғаушы ретінде еш ерекшелігі жоқ. Командасы кестенің соңында, өзі бес сары қағаз алып үлгерді. Сонда құрамадағы орынды сатып алуға бола ма?» - деп жазды бір қолданушы.
Тағы бірі былай деп пікір білдірген:
«Әкесі ұлттық құрамадан шақырту алу үшін қанша төледі екен? Бұл адам тіпті бірінші лигада негізгі құрамда ойнамаған, «Жетісуға» кездейсоқ келген. Онда да көп жағдайда қосалқы құрамда. Бірақ соған қарамастан ұлттық құрамаға шақыртылып отыр».
Кейбір қолданушылар тіпті Қазақстан футболының қазіргі ахуалын көрші Өзбекстанмен салыстырып, мысқылмен жазған:
«Өзбекстан әлем чемпионатына жолдама алып, Каннавароны бапкер етіп шақырып жатыр, ал біз блогердің күйеуін құрамаға қосып отырмыз».
Сонымен қатар, Қашкенді қолдайтын пікірлер де аз емес. Бір жанкүйер оның кәсіби жолын еске алып, қорғап шыққан:
«Атлетико Мадридә академиясының түлегі, кезінде «Лион» клубының бапкері де тамсанған жігіт. «Қайсар», «Хан Тәңірі», «Ұлытау» сияқты клубтарда ойнаған тәжірибелі қорғаушының құрамаға шақыртылуы заңды».
Ұлттық құраманың бас бапкері міндетін атқарушы Талғат Байсуфинов бұл шешімді сандар мен талдауларға сүйене отырып қабылдағандарын айтты:
«Бізде әр футболшының физикалық және техникалық көрсеткіштері бойынша толық база бар. Дінмұхаммедтің кандидатурасы бойынша барлық деректер оның пайдасына сөйледі – техникасы, тактикалық үлгісі, жасы. Жаңа есімдердің пайда болуы – қалыпты жағдай».
Дінмұхаммед Қашкен – 27 жастағы қорғаушы. Ол кезінде Мадридтің «Атлетико» академиясында ойнаған, кейін «Астана», «Актобе», «Қайсар», «Шахтер» және литвалық «Жальгирис» клубтарында өнер көрсетті. 2025 жылғы маусымда «Жетісу» сапында 12 матч өткізіп, төрт сары қағаз, бір қызыл карточка және бір голмен көзге түсті.
Жанкүйерлердің сынына қарамастан, Қашкен ұлттық құраманың жаңа мүшесі ретінде өз мүмкіндігін дәлелдеуге дайын екенін мәлімдеді.