Шымкентте 35 мың орындық жаңа стадион салынатын болды

Редактор
29.01.2024, 20:43

Нысан 2026 жылы пайдалануға беріледі

Шымкент қалалық әкімдігі

Шымкент қаласында биыл жаңа стадионның құрылысы басталады. Бұл туралы қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Ордабасы» клубының жанкүйерлерімен кездесу барысында айтты.

Айта кетейік, «Ордабасы» Қазақстанның біріншілігінде чемпион атанғаннан кейін қалаға жаңа стадион салу мәселесі туындады. Өйткені, «Қажымұқан» стадионы Еурокубок талаптарына толықтай сай емес, әбден тозығы жеткен.

Жаңа спорттық нысанды салуды ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қолдаған екен.

«Жуырда Мемлекет басшысына қаланың 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп беруім барысында мегаполиске заманауи стандартқа сай стадион қажеттілігін баяндаған болатынмын. Президентіміз биыл жаңа стадионның құрылысын бастау туралы нақты тапсырма берді. Биыл “Бозарық” елдімекенінде 35 мың орынға есептелген стадион құрылысын бастап, 2 жылда, яғни 2026 жылдың ортасына дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз», - деді Ғ.Сыздықбеков.

Ал, «Қажымұқан» стадионы болса реконструкциядан өтеді. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл «Ордабасының» қосалқы стадионына және жеңіл атлетикадан ұлттық команданың жаттығатын орнына айналмақ.