Қазақстан құрамасының қоржынында 6 ұпай бар
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі кезекті ойында Лихтенштейн құрамасын ірі есеппен тізе бүктірді.
Кездесу басынан-ақ алаң иелері толық басымдыққа ие болды. 26-минутта семейлік «Елімай» клубының шабуылшысы Ғалымжан Кенжебек есеп ашып, Қазақстанды алға шығарды. Арада небәрі екі минут өткен соң, ұлттық құраманың үздік сұрмергені Бахтиер Зайнутдинов есепті еселеді – 2:0.
Екінші таймда да қазақстандық футболшылар ойын тізгінін бермеді. 59-минутта Кенжебек дубль жасап, өзінің жоғары шеберлігі мен тұрақты формасын тағы бір мәрте дәлелдеді. Ал 81-минутта қорғаушы Әлібек Қасым ұлттық құрама сапындағы алғашқы голын соғып, кездесудің қорытынды нүктесін қойды. Матч нәтижесі – 4:0.
Кездесудің үздік ойыншысы атанған Ғалымжан Кенжебек бұл матчта екі гол соғып қана қоймай, бір нәтижелі пас берді. Қазіргі таңда оның ұлттық құрамадағы статистикасы – 9 матч, 3 гол.
Сонымен қатар, құраманың басты шабуылшысы Бахтиер Зайнутдиновтің еншісінде қазір 43 ойын, 15 гол бар. Бұл көрсеткіш оны Қазақстан футбол тарихындағы ең тиімді ойыншылардың бірі ретінде танытады.
Осы жеңістен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 6 ұпай бар. Команда J тобының турнирлік кестесінде төртінші орында орналасқан. Аталған топта Бельгия, Солтүстік Македония, Уэльс және Лихтенштейн құрамалары бақ сынап жатыр.
Келесі матч 13 қазан күні сағат 23:45-те Скопье қаласында өтеді. Али Алиевтің шәкірттері сырт алаңда топ көшбасшысы – Солтүстік Македония құрамасымен кездеседі.