Қазақстан сенімді жеңіс арқылы реванш алды
Қазақстанның футзал құрамасы Өзбекстан командасымен екінші жолдастық кездесу өткізіп, айқын жеңіске жетті.
Матч Ташкент қаласында өтіп, 5:2 есебімен Қазақстан құрамасының пайдасына аяқталды. Команда сапынан Альберт Ақбалықов дубль авторы атанды, ал Азат Валиуллин, Біржан Оразов және Ақжол Дәрібай бір-бір голдан соқты.
Бұл екі елдің арасындағы екінші жолдастық кездесу болды. Бұған дейін, 14 қазанда өткен алғашқы ойында Қазақстан құрамасы 1:2 есебімен жеңіліп қалған еді. Сол ойында жалғыз голды Александр Дерябин соққан болатын.
Осылайша, екінші ойында Рикардо Кака шәкірттері өз қателіктерін түзетіп, сенімді жеңіс арқылы реванш алды.
Айта кетейік, Өзбекстан құрамасы 2026 жылғы Азия кубогының финалдық кезеңіне жолдама алған, ал Қазақстан құрамасы Еуро-2026 турниріне іріктеу матчтарында Италияға жол беріп, жарыстан шығып қалған еді.