Оның командасы үшінші орынмен плей-офф кезеңіне шықты
Футболдан АҚШ чепионатының (МЛС) кезекті турында «Интер Майами» сырт алаңда «Нэшвилл» клубын ойсырата жеңді.
Қонақтардың басымдығымен өткен ойында 5:2 есебі тіркелді. Бес голдың үшеуін Лионель Месси соқса, Бальтасар Родригес пен Теласко Сеговия бір реттен қанжығасын майлады. Аргентиналық даңқты шабуылшы бір рет нәтижелі паспен де көзге түскенін айта кету керек.
Ал, «Нэшвилл» сапынан Сэм Сарридж бен Джейкоб Шаффельбург «Интер Майами» қақпасынан саңлау тапты.
Чемпионаттың топтық кезеңі аяқталып, Месси ойнайтын команда Шығыс конференциясында үшінші орынмен плей-офф кезеңіне шықты. Ал, «Нэшвилл» алтыншы орынмен маусымды аяқтап отыр.