Сыдықбек бұл қызметке наурыз айында тағайындалған
«Атырау» футбол клубының бас менеджері Дидар Сыдықбек өз қызметін аяқтайтынын хабарлады. Бұл туралы ол өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды.
«Әр нәрсенің басы мен соңы бар. Көп қиындықты еңсеріп, бүгінде қуанышқа кенеліп отырмыз - ҚПЛ-дегі орнымызды сақтап қалдық. Берген уәдемді орындап, енді қоштасатын уақыт келді. Мен үшін сөзімде тұру өте маңызды. Сенім білдірген барша жанға шын жүректен алғыс айтамын. «Атырау» менің жүрегімде мәңгі қалады», - деді ол.
Сөзінің соңында Дидар Сыдықбек былай деп түйіндеді:
«Футболды шын сүйетін ауылдың қарапайым жігіті ретінде сіздерге алғыс айтамын. Құрметпен, Дидар Сыдықбек».
Естеріңізде болса, Сыдықбек бұл қызметке наурыз айында тағайындалған.
Алматы қаласының тумасы футболшы ретінде «Қызылжар», «Астана-1964», «Ақтөбе» және «Ордабасы» клубтарының намысын қорғады. Мансабын аяқтаған соң бірқатар салада қызмет атқарды.
Футболдағы басшылық қызметін SD Family Group директоры ретінде бастап, Қазақстан Медиа-футбол федерациясының президенті деңгейіне дейін көтерілді.
Сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясы жүргізген «Алаң» инфрақұрылымдық жобасының кеңесшісі ретінде еңбек етті.