Ұлттық құрама қазанда екі ойын өткізді.
«Қайрат» қорғаушысы Еркін Тапалов соңғы матчтарда Қазақстан құрамасы сапында неліктен алаңға шықпағанын түсіндірді.
Ойын кезінде жарақатым бар еді. Қазір бәрі дұрыс, бірақ сол кезде тіземде жарақат болды. Құрамадағы бапкерлер мен медицина қызметкерлері жағдайды білетін, сондықтан қыркүйекте мені шақырған жоқ.
Ал соңғы ойындарда неліктен тізімге енбегенімді құрама штабынан сұраңыздар. Себебі ойнауға дайын болдым және командаға көмектескім келді, – деді Тапалов.
Еске сала кетсек, 21 қазанда Чемпиондар лигасы аясында «Қайрат» пен «Пафос» арасындағы кездесу өтеді. Ал 26 қазанда «Қайрат» чемпиондықтың тағдыры шешілетін ойында «Астананы» қабылдайды.
Айта кетейік, 10 қазанда Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына іріктеу аясында Лихтенштейнді өз алаңында 4:0 есебімен ұтса, 13 қазанда Солтүстік Македониямен өткен ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Бұл екі кездесуде де құраманы алаңға Талғат Байсуфинов бастап шықты.