Жарнама
Жарнама

«Қайсардың» қазақ футболшылары командадан кетіп жатыр

Редактор
Бүгін, 00:02

Жақында «Қайсар» клубы жекеменшікке өткені туралы ақпарат тараған

"Қайсар" фк баспасөз қызметі

Қызылорданың «Қайсар» клубының көшбасшы футболшылары командадан кетіп жатыр. Қазіргі кезде төрт футболшы басқа клубтармен келіссөз жүргізіп жатқаны белгілі болды.

Өткен маусымда тек отандық ойыншылармен ойнаған «Қайсардан» қазіргі кезде Айбол Әбікен, Айбар Жақсылықов, Әділет Кеңесбек және команда капитаны Думан Нәрзілдаев кетіп қалған. Өйткені футболшылардың келісімшарттары 31 қазанда аяқталған.

Бұған дейін команданың бас бапкері Виктор Кумыков та келісімшарты аяқталғанын хабарлаған.

«Қызылордалық клубпен келісімшартым 31 қазанда аяқталды. 1 қарашадан бастап футболшылар айтқандай, мен еркін агентпін. Қазір клубтан келісімді ұзарту туралы ұсыныс түскен жоқ. Бірақ жақын күндері клуб басшылығымен және облыстық спорт басқармасымен кездесіп, болашақ жоспарды талқылаймыз деп келістік.
Жасырмаймын, басқа командалардан да ұсыныстар бар – Қазақстаннан да, Өзбекстаннан да. Бірақ бірінші орында – «Қайсар». Дегенмен бәрі жаңа басшылықтың шешіміне байланысты», - дейді Виктор Кумыков KFF League сайтына берген сұхбатында.

Жақында «Қайсар» клубы жекеменшікке өткені туралы ақпарат тараған.

Айта кетейік, Қызылорда командасы 2025 жылғы маусымда тек қазақстандық футболшылармен ойнап, премьер-лигада 11-орынға тұрақтады.

Реклама
Реклама