Жарнама
Жарнама

Қорғаныста жатып алмай, шабуылға шығып жеңеміз - Талғат Байсуфинов

Редактор
14.11.2025, 17:23

Қазақстан құрамасы тек қорғанысқа жабысып алмайтынын да жасырмады

ҚФФ

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарушы Талғат Байсуфинов Бельгиямен өтетін матч алдындағы баспасөз мәслихатында командасының дайындығы мен көңіл күйі туралы пікір білдірді.

Байсуфиновтың айтуынша, құраманың барлық ойыншысы, оның ішінде жаңа шақыртылған футболшылар да, кездесуге толық дайын.

«Біз барлық ойыншыларымызды қарадық. Барлығы жарамды, шүкір. Ертең бәрін ойын көрсетеді. Қарсыластың күшін жақсы түсінеміз, олардың стилін де білеміз. Соған қарамастан, біз үшін нәтиже бірінші орында», — деді ол.

Бас бапкер құраманың мақсаттары да жоғары екенін атап өтті:

«Қойылған мақсат — жеңіске жету. Мұның артында тәртіп, тұрақтылық және жинаған тәжірибеміз тұр. Жақсы нәтиже болса, бұл жігіттерге, әсіресе шабуылда ойнағанды жақсы көретін жас ойыншыларға үлкен сенім береді», — деді маман.

Қазақстан құрамасы тек қорғанысқа жабысып алмайтынын да жасырмады:

«Қарсыластың күшін білеміз, бірақ тек қорғанысқа сүйеніп ойнамаймыз. Бізге шабуыл жасау керек. Жиында теориялық және мотивациялық тұрғыдан жұмыс істедік, жігіттер бәрін қабылдайды. Қарсылас бізге қаншалықты мүмкіндік берсе, біз соншалық өз ойынымызды жүзеге асырамыз», — деді Байсуфинов.

Келесі матч жайлы ақпарат

Қазақстан - Бельгия матчы 15 қараша күні «Астана Аренада» өтеді. Бұл кездесу әлем чемпионаты–2026 іріктеу кезеңіндегі ұлттық құраманың соңғы ойыны болмақ. Тоғыз турдан кейін Қазақстан жеті ұпай жинап, топтан шығу мүмкіндігін жоғалтқан. Бұған дейін Брюссельде өткен бірінші ойында Бельгия құрамасы 6:0 есебімен жеңіске жеткен еді.

Реклама
Реклама