Ойынның 9-минутында Дастан Сәтпаев есеп ашты
Астанада өткен 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу ойынында Қазақстан құрамасы Еуропаның ең мықты командаларының бірі — Бельгиямен 1:1 есебімен тең түсті.
Кездесу «Астана Аренада» өтті. Ойынның 9-минутында Дастан Сәтпаев айып алаңына өтіп, қақпаның жақын бұрышын дәл бағыттап, есепті ашты. Алғашқы таймда екі команда да бірнеше рет қауіпті сәт ұйымдастырды. Қазақстан қақпашысы Темірлан Анарбеков бірнеше маңызды сейв жасап, өз қақпасын аман сақтап қалды.
Екінші таймда Бельгия қысымды күшейтті. Ханс Ванакен әуелете берілген допты баспен қақпаға бағыттап, есепті теңестірді. Қонақтар шабуылды үдете түскеніне қарамастан, Анарбеков бірнеше мәрте команданы сейвтерімен құтқарды.
79-минутта Ислам Чесноков қызыл қағазбен алаңнан қуылды. Соған қарамастан, Қазақстан бір ойыншы кем болған жағдайда да қорғаныста жинақы ойнап, матч соңына дейін есепті ұстап тұрды.
Осылайша Қазақстан құрамасы іріктеу циклін 8 ұпаймен аяқтап, топта төртінші орын алды.