«Мүмкін емес»: астаналық «Барыс» 11 жеңілістен кейін жеңіске жетті

14.02.2024, 18:41

Болякин шәкірттері плей-офф кезеңіне шығудан үміт үзген

Барыс ХК

Құрлықтық хоккей лигасында қатарынан 11 рет жеңілген Астананың «Барысы» сырт алаңда «Адмиралды» жеңіп, жеңілістер сериясын үзді.

Айта кетейік, «Барыс» қазір Шығыс дивизионында ең соңғы 12-орында келеді. «Адмирал» болса 11-сатыда. Яғни, екі команда да ҚХЛ-дың аутсайдері.

Ойынның бірінші кезеңінде астаналық клуб сапынан Евгений Рымарев пен Энтони Камара бір-бір шайбадан соғып, «Барысты» алға шығарды. Екінші кезеңде Рымарев тағы бір гол соғып, командалар үзіліске 3:0 есебімен тарқасқан. Үшінші периодта айдын иелері екі шайба соғып, есепті қысқартқанымен, теңестіруге уақыт жетпей қалды.

Айта кетейік, хоккей сарапшылары аталған матчта «Адмирал» жеңеді деп болжам жасаған. Ал, «Барыс» жеңгеннен кейін әлеуметтік желі қолданушылары мұны сенсацияға балап, «мүмкін емес» деген сыңайда пікір қалдыруда.

16 ақпанда Олег Болякин шәкірттері Хабаровск қаласында жергілікті «Амурмен» кездеседі.

Материалда: