Хоккей трансляцияларын ұйымдастырушылар 65 млн теңге қарызға шағымданды
Қазақстан чемпионаттарының телетрансляцияларын ұйымдастырған өңірлік топтардың жетекшілері маусым бойы атқарған еңбегі үшін әлі күнге дейін ақы алмағандарын мәлімдеп, Қазақстан хоккей федерациясының президенті Асқар Маминге ашық үндеу жасады.
Shaiba.kz мәліметінше, өткен маусымда Pro Hokei Ligasy, Jas Hokei Ligasy және Qyz Hokei Ligasy матчтарының телетрансляцияларына жауапты болған мамандар серіктес ұйым – Inhockey ЖШС тарапынан шамамен 64,8 миллион теңге көлемінде берешек бар екенін хабарлады.
Үндеу авторларының айтуынша, төлемсіз қалғандар қатарында өңірлік топ жетекшілерімен бірге операторлар, режиссерлер, техникалық мамандар және трансляцияны қамтамасыз еткен өзге де қызметкерлер бар. Олардың көпшілігі отбасы асырап, несие мен ипотека төлеп отырғанын атап өтті.
Осыған байланысты мамандар Қазақстан хоккей федерациясының президенті Асқар Маминге ресми хат жолдап, жағдайға араласуды, қарызды өтеу мерзіміне қатысты нақты түсініктеме беруді және ұлттық чемпионаттардың телетрансляцияларын ұйымдастырудың алдағы тәртібін айқындауды сұрады.
Үндеу иелері бұл мәлімдеменің ешкіммен дауласу мақсатында жасалмағанын атап өтті. Олардың пікірінше, мәселе қазақстандық хоккейді дамытуға тікелей әсер етеді, өйткені телетрансляциялар спортты насихаттаудың және жанкүйерлерге матчтарды қолжетімді етудің маңызды тетігі саналады.