Бұған дейін «Барыс» «Салават Юлаев» пен «Амурға» жол берген
Астаналық «Барыс» Уфада өтіп жатқан Башқұртстан кубогында алғашқы жеңісін тіркеді. Михаил Кравец шәкірттері Тольяттидің «Ладасын» 2:1 есебімен ұтты.
Бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ. Екінші жиырма минуттықта «Лада» шабуылшысы Расим Шакиров командасын алға шығарды. Алайда араға екі минут салып Қазақстан құрамасының және «Барыстың» шабуылшысы Аңсар Шайхмедденов есепті теңестірді. Бұл шайбаға Батырлан Мұратов пен Кирилл Савицкий нәтижелі пас берді.
Шешуші үшінші кезеңде Семен Симонов «Ладаның» қақпасын дәл көздеп, «Барысқа» жеңіс сыйлады.
Осылайша, астаналық клуб маусым алдындағы турнирдегі алғашқы жеңісіне жетті. Бұған дейін «Барыс» «Салават Юлаев» пен «Амурға» жол берген еді.