«Ұсынса қуана қабылдаймын»: Беларусь жаттықтырушысы «Барысты» баптауға қарсы еместігін айтты

Редактор
27.11.2023, 14:08

Астананыңс хоккей командасы жеңілістен көз ашар емес

junost.hockey.by

Құрлықтық хоккей лигасында сәтсіз өнер көрсетіп жатқан астаналық «Барыста» әліге дейін бас бапкер тағайындалмады. Бұл міндетті қазір Ғалым Мәмбетәлиев атқарып жүр. Осы орайда Prosports.kz тілшісі Беларусь елінің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Михаил Захаровпен сұхбаттасып, клубтың басына үйірілген қара бұлтты қалай сейілтуге болатынын сұрап білді. Айта кету керек, Захаров Өскемен тумасы.

«Жігіттер физикалық тұрғыдан да, функционалдық жағынан да әлсіз көрінді. Мен «Нефтехимики» бапкері Олег Леоньтевпен жиі сөйлесемін, ол үнемі хоккейшілердің физикалық дайындығына мән береді. Менің өзім де осыны дұрыс санаймын. «Барыс» ойыншыларында физикалық дайындық аз екені байқалады», - деді белорустық маман.

Ол астаналық команданың плэй-офф кезеңіне шығатынына күмәнмен қарайтынын жасырмады. Чемпионат басталғалы «Барыс» өте көп ұпай жоғалтқан.

«Плэй-оффқа өтсе бұл ғажап болады, әрине. Дәл қазір «Барыстың» сегіздікке енуі өте қиын, бірақ бәрі де мүмкін ғой. Команда ойынында тұрақтылық жоқ. Қалай болғанда да астаналық клубқа мен сәттілік тілеймін», - деді Захаров.

Ол «Барысқа» бапкер болуға қарсы емес екенін де айтып қалды.

«Егер ұсыныс түссе қуана қабылдар едім. Менің өзім де қазақпын ғой, соны ұмытпаңыз», - деп сөзін түйді ол.