Қазақстан хоккейшілері Олимпиада жолдамасы үшін іріктеуді сәтті бастады

Редактор
29.08.2024, 20:00

Қазақстан құрамасы тарихында екі рет Олимпиадаға қатысқан

Қазақстан хоккей федерациясы

2026 жылы Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындарының шайбалы хоккейден іріктеу турнирі басталды. Қазақстан алғашқы матчта Мажарстан (Венгрия) құрамасын жеңді. Іріктеу турнирі Братислава (Словакия) қаласында өтіп жатыр.

Матчта қазақстандық хоккейшілер алғашқы болып есеп ашты. Ойынның 15-минутында Никита Михайлис мергендік танытса, екінші кезеңде Доман Сонгот жауап қайтара білді.

Екінші кезеңде қазақстандық Дмитрий Бреус – 31, Максим Мухаметов 34-минутта екі гол соқса, венгриялық Иштван Шофрон 35-минутта есеп айырмасын қысқартты.

Ұлттық құрама көшбасшысы Никита Михайлис 48 және 53-минутта тағы екі мәрте қақпаны дәл көздеді.

Сөйтіп, қазақстандық хоккейшілер қарсыласынан 5:2 есебімен басым түсті.

Айта кетейік, Олимпиада ойындары 6-22 ақпан күндері аралығында Милан және Кортина-д’Ампеццо қаласында өтеді.

Братислава (Словакия) қаласындағы іріктеуге Қазақстан мен Мажарстаннан бөлек, Аустрия, Словакиямен талас жүргізіп жатыр.

Енді хоккейшілеріміз 30 мамыр күні Астана уақытымен 17:00-де Аустриямен кездеседі.

Қазақстан ерлер құрамасы өз тарихында 2 мәрте қысқы Олимпиадасына қатысқан. 1998 жылы Наганода өткен қысқы Олимпиада ойындарында жігіттеріміз өз тарихындағы ең жоғарғы 5-орынды иеленді.

2006 жылы Турин Олимпиадасында бақ сынап, топтық кезеңде жарысты аяқтады.

Материалда: