Қатарынан 7 рет жеңілген «Барыс» хоккей клубына жаңа бас бапкер келді

Редактор
26.09.2024, 09:22

Бапкерлер құрамы өзгерді

hcbarys.kz

«Барыс» хоккей клубы Дэвид Немировскимен келісімшартты үзгенін мәлімдеді. Макс Маркович пен Стив МакГичи де бапкерлер құрамынан кетті. 

«Барыстың» бас бапкері қызметіне Вячеслав Буцаев тағайындалды. Бапкермен осы маусымның соңына дейін келісім жасалған.

Буцаев Олимпиада және әлем чемпионы атанған, сонымен қатар Ресей және Швеция біріншіліктерінде топ жарған. Одан бөлек, ол Ұлттық хоккей лигасында 130-дан астам матч өткізген.

Вячеслав Геннадьевич ҚХЛ-да ЦСКА, «Сочи» және «Нефтехимик» командаларының бас бапкері болған. Соңғы рет жаттықтырушы «Витязь» клубында бас бапкер болып, ҚХЛ 2022-2023 жылдар маусымында команданы плей-офф кезеңіне шығарған.

Евгений Королев, Талғат Жайлауов, Олег Ромашко, Андрей Шаянов, Кирилл Легчаков пен Сергей Тамбулов «Барыс» бапкерлері құрамындағы жұмыстарын жалғастырады.

Айта кетейік, «Барыс» FONBET-ҚХЛ чемпионатында өткізген 8 ойынның жетеуінде жеңілді. Астаналықтар турнир кестесінің соңғы орнында. Келесі ойынды бүгін 26 қыркүйекте «Сочиге» қарсы өткізеді.

Материалда: