Андрей Назаров «Барыстың» шаруасын бақылауға алуға ресейліктерді шақырды

Редактор
18.10.2024, 09:19

Ол астаналық клуб ҚХЛ-ді бүкіл әлем алдында ұятқа қалдырды деп санайды

Sportbox.ru

Құрлықтық хоккей лигасында соңғы орында тұрған елорданың «Барыс» клубында өзгеріс көп. Бас директорынан бастап ауысып жатыр. Бірақ бұл ресейлік маман – «Барыстың» экс-бапкері Андрей Назаровқа ұнамайтын сияқты.

Күні кеше бас директор болып Нұрлан Оразбаев тағайындалды. Ол бұған дейін де «Барысты» екі рет басқарған.

«Нұрлан Оразбаевты бұрыннан жақсы танимын. «Барыста» бірге жұмыс істедік. Жақсы білікті менеджер. Қазақстан хоккейі үшін жаны ауырады. Бірақ, менің ойымша, қазіргі клубта болып жатқан нәрселер ҚХЛ-дың имиджі мен беделін түсіреді. Ойындарды әлемнің қаншама елі трансляция жасайды. 16 матч өткізген «Барыс» үш бапкер ауыстырып үлгерді. Команданы толықтай тазартып жатыр. Кінәлі тек бапкер мен ойыншылар емес. Мәселені білу үшін тереңірек қазу керек. ҚХЛ басшылығы жағдайға өзі араласуы тиіс», - дейді Назаров «Чемпионат» сайтына берген сұхбатында.

Айта кетейік, Құрлықтық хоккей лигасын ресейлік Алексей Морозов басқарады.

«Барыс» болса 16 матчтың тек үшеуінде жеңіп, 13-де жеңіліс тапты.