«Барыстың» жаңа басшысы 332 миллион теңге жалақы алатын легионерлерді қуып шықты

18.10.2024, 10:07

Клуб үлкен «дағдарысты» бастан кешіп жатыр

Барыс ХК

«Барыс» хоккей клубында легионер толы болса да, ҚХЛ-де турнир кестесінің соңғы сатысында жүр. Бұл жанкүйерлерге ұнамағаны анық.  Команда жиі сын садағына ілінді. Осыны ескерген министрлік пен «Спорт қоры» жуырда ғана клубтың басшылығын ауыстырған еді. Жаңа директор Нұрлан Оразбаев келе сала бірден легионерлермен келісімшартты тоқтатыпты.

Бейсенбі күні елорда командасы бас директор лауазымына Нұрлан Оразбаевтың қайта оралғанын мәлімдеген. Оразбаев келе сала баспасөз конференциясын өткізіп, «Барыс» енді солтүстікамерикалық хоккейшілерге мұқтаж еместігін алға тартты.

Ол «шығатын есікті» бірінші болып ресейлік Даниил Апальков пен белорус Владислав Кодолаға көрсетті. Содан кейін Солтүстік Америкадан келген легионерлердің бәрі «репрессияға» ұшырады. Мұндай ойыншылар жетерлік. Арасында 332 милилон теңге жалақы алатын Майкл Маклауд та бар. Сондай-ақ, Натан Болие, Уилл Батчер, Алекс Грант, Чейз Де Лео, Си Джей Смит, Уэйд Эллисонмен келісімшарт бұзылатыны белгілі болып отыр.

Нұрлан Оразбаев шетелдік ойыншылармен келісімшартты бұзу команданы сақтап қалудан оңай әрі үнемді екенін айтады. Клуб векторын 180 градусқа бұру «Барысқа» осыдан басқа амал да қалмаған тәрізді.

«Ойыншылар бойынша: біз бүгін Даниил Апальков және Владислав Кодоламен келісімшартты үздік. Сонымен қатар, солтүстікамерикалық легионерлермен келісімшарт бұзылғаны туралы туралы олардың агенттеріне хабарлама жібердік. Қатарда тек Маттссон, Бурдасов, Николишин, Жафяров, Сетдиков, Бочаров, Камалов, Антипин және Хохлов қалды. Басқа ойыншылардың барлығы – ұлттық құрамаға үміткерлер, өз шәкірттеріміз», - деді Оразбаев.