«Барыс» 19 қаңтарда өз алаңында Ярославльдің «Локомотив» командасымен өзара мықтыны анықтайды
Астананың «Барыс» хоккей клубы қатарынан оныншы матчта жеңіліп қалды. Бұл жолы да Мәмбетәлиев шәкірттері айқын басымдықпен жеңіп тұрып, соңғы секундтарда қақпасына екі гол жіберіп алды.
Құрлықтық хоккей лигасының кезекті туры аясында «Барыс» Қазанға қонаққа барып, жергілікті «Ақ Барспен» өзара мықтыны анықтаған. Матчтың негізгі бөлігі 4:4 есебімен тең аяқталып, айдын иелері овертаймда жеңіске жетті.
Бірінші кезеңде 0:0 есебі тіркелді. Командалар жиі шабуылдағанымен, қақпаға шайба дарыта алған жоқ. Есесіне екінші кезеңде астаналықтар қатарынан екі гол соғып, Қазанға жеңіс үшін келгенін көрсетті. Бірақ, кезең соңында «Ақ Барс» қатарынан екі шайба соғып, есепті теңестіріп кетті.
Шешуші үшінші кезеңде Ғалым Мәмбетәлиев шәкірттері сауатты ойнап, алдымен Михаил Рахманов команданы алға шығарған. Ал, ойын аяқталуға небәрі екі минуттай уақыт қалғанда Әлихан Әсетов есепті 4:2-ге жеткізді. Мұнан кейін «Барыстың» жеңіске жететініне ешкімнің күмәні қалмаған еді. Алайда, «Ақ Барс» ойыншылары бір минутта екі гол соғып, керемет камбэк тіркеді.
Овертайм ұзаққа созылған жоқ. Небәрі 32 секундта айдын иелері «Барыс» қақпасынан бесінші рет саңлау тауып, маңызды екі ұпайын иеленді.
Ғалым Мәмбетәлиев 19 қаңтарда өз алаңында Ярославльдің «Локомотив» командасымен өзара мықтыны анықтайды.