Былтыр аталған клубтың басына бұлт үйірілді
Нығматулиндер әулетінің тұңғышы – ұзақ уақыт «Сарыарқа» хоккей клубын басқарған Арғын Нығматулинге іздеу жарияланды. Бұл туралы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті мәлімдеді.
«Нығматулин Арғын Зайроллаұлы. Іздеу жарияланғанына 0 күн. Туған күні: 1955 жылғы 28 маусым, жынысы: ер, Қазақстан азаматы, қазақ. 2025 жылғы 3 наурыздағы іздеу ісі «Астана» өңірінде тіркелді. Бастамашы: прокуратура. Іздестіруді жүргізетін орган: Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (тел. 90-92-60)», - делінген мәліметте.
Естеріңізде болса, былтыр аталған клубтың басына бұлт үйірілді. Алдымен ойыншылар басшыларды сотқа берді. Ұжымдық арызға қызметкерлердің жалақы алмауы себеп болған. Көп ұазамай талай жыл Қарағандының «Сарыарқа» хоккей клубын басқарып келген Нығматулиндердің клуб активін заңсыз иеленгені анықталған. Осы жайттан соң құны 900 миллион теңгеге бағаланған бұл ұжым мемлекет меншігіне қайтарылды.
Айта кетейік, «Сарыарқа» клубы ұзақ жыл ағайынды Нығматулиндердің қолында болған. 2018 жылға дейін оны Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Нығматулин басқарды. Ал 2018 жылы зейнетке шыққан. Сөйте тұра Арғын Зайроллаұлы әлі күнге дейін шайбалы хоккейден Қазақстан Республикасы жастар құрамасының бас менеджері және Қазақстан шайбалы хоккей федерациясы Атқару комитетінің мүшесі болып жүр. Қазіргі кезде федерацияның Қарағанды облыстық филиалын басқарады.