Айқас 22 қарашада өтеді.
Thestatszone.com басылымы қазақстандық файтер Бекзат Алмахан (12-2) мен грузин Александр Топурия (6-1) арасындағы жекпе-жекке болжам жасады. Бұл кездесу 22 қараша, сенбі күні, Катар астанасы Дохадағы UFC Fight Night 265 турнирінде өтеді.
Сенсация тіркелуі мүмкін деген болжам бар.
Қатарынан бес рет жеңген Топурияның техникасы мінсіз: ағасы Илия Топурия секілді соққыдан күреске, күрестен соққыға еш қиындықсыз ауысады. Бірақ Александрдың бойында Топурияға тән стиль болғанымен, оның қарсыластарының деңгейіне қатысты сұрақ бар. Қарсыластарының арасындағы ең мықтысы – Тикнесс, бірақ аустралиялық қазір бұрынғыдай танымал емес.Ал октагонның екінші жағындағы Алмахан жай қарсылас емес. Соңғы айқасында ол Брэд Катонаны тас-талқан етіп жеңді. Оның алдында сол кезде дивизионның басты үміткері саналатын Умар Нурмагомедовті біраз састырды. Алмахан бұл салмақ санаты үшін өте қуатты, соққысы мығым, динамикалық стилі қауіпті. Егер Топурия Тикнесстің өзін нокаутқа түсіре алмаса, бұл жолы бір соққымен жекпе-жекті тоқтатыны екіталай.
Қазақстандық спортшының Топурия кезікпеген деңгейдегі мықты қарсыластармен жұдырықтасып, оларды жеңгенін, тіпті кейбірін мерзімінен бұрын тоқтатқанын ескерсек, бұл жекпе-жекте оның андердог екені түсініксіздеу. Алмаханның тәжірибесі әлдеқайда көп, қиын жағдайда да мұқалмайтын жігері бар; Умар Нұрмагомедовпен айқасты төрешілер шешіміне дейін жеткізгенінің біраз нәрсені аңғартса керек! Сонымен қатар, ол кез келген сәтте жекпе-жекті аяқтай алатын қауіпті файтер.
«Тұран жауынгері» бастапқы қысымды еңсеріп, сенсациялық түрде техникалық нокаутпен жеңеді және Топурияның хайп-пойызын тоқтатады.
Болжам: Бекзат Алмахан техникалық нокаутпен жеңеді, – деп жазады басылым.