37 жастағы Макгрегор өзінен бір жас үлкен Ди Девлинге үйленетін болды
UFC-дің екі салмақ дәрежесіндегі экс-чемпионы Конор Макгрегор көп жылдан бері бірге жүрген жары Ди Девлинге үйленетін болды. Бұл туралы Irish Independent хабарлады.
Салтанатты рәсім 12 желтоқсанда Санто-Стефано-дельи-Абиссини шіркеуінде өтпек.
37 жастағы Макгрегор өзінен бір жас үлкен Девлиннің некелесу рәсімі бүгін Ватикан бақтарына баратын жолдағы Әулие Петр базиликасының дәл артында орналасқан Санто-Стефано-дельи-Абиссини шіркеуінде басталады.
Басылымның жазуынша, Ватиканда неке қию рәсімдері өте сирек өткізіледі және жергілікті билікпен ерекше келісімді талап етеді. Irish Independent мәліметінше, Ватиканның жоғары лауазымды өкілдері шіркеуді Макгрегордың үйлену салтанатына беру мәселесіне қатысты алаңдаушылық білдірген. Бұған себеп - спортшының атына байланысты дау болып отыр.
2024 жылы ирландиялық файтер 2018 жылы болған зорлау ісі бойынша азаматтық сотта жеңіліп, Никита Хэндке €250 мың өтемақы төлеуге міндеттелген еді. Макгрегор қарым-қатынас өзара келісіммен болды деп мәлімдеген, алайда апелляция да оның пайдасына шешілмеген.
Ди Девлин 2008 жылдан бері Макгрегормен бірге, және ол осы жылдар ішінде барлық сот процесі кезінде жігітін үздіксіз қолдап келген. Макгрегор соңғы жекпе-жегін 2021 жылдың жазында UFC 264 турнирінде америкалық Дастин Порьеге қарсы өткізді. Айқас бірінші раундта ирландиялық спортшының аяғы сынып аяқталған.
Қазір Макгрегор антидопинг ережесін бұзғаны үшін 18 ай мерзімге спорттан шеттетілген. Бұл дисквалификация 2026 жылдың 20 наурызында аяқталады.