Жекпе-жек Бұқара қаласында өтті
Қазақстандық ММА жауынгері Көшен Ақанов (6–1) Өзбекстан өкілі Сардор Худойбердиевті (9–3) айқын басымдықпен жеңді. Жекпе-жек Бұқара қаласында Brave 103 пен ATF 27 бірлескен турнирі аясында өтті.
Үш раундқа жоспарланған бұл кездесу кештің қосалқы басты жекпе-жегі болғанымен, аса ұзаққа созылған жоқ. Айқастың небәрі 52-секундында Ақанов қарсыласын дәл соққымен нокаутқа түсіріп, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады.
Осылайша, қазақстандық спортшы кәсіби мансабындағы жетінші жеңісіне қол жеткізсе, Худойбердиев ММА-дегі төртінші жеңілісіне ұшырады.
Айта кетейік, бұл жеңіс 28 жастағы Көшен Ақанов үшін маңызды камбэк болды. Бұған дейін ол мамыр айында ONE Championship турнирінде ресейлік файтер Валерий Гусаровқа мерзімінен бұрын есе жіберіп, мансабындағы алғашқы жеңілісін тіркеген еді.