Жарнама
Жарнама

Енді үшінші әйелімді алуға дайындалып жүрмін – Жалғас Жұмағұлов

Редактор
25.12.2025, 16:13

Жұмағұлов қазіргі таңда екі әйелінен жеті баласы бар екенін, алайда мұнымен тоқтап қалмайтынын жеткізді

Фото: gettyimages

Қазақстандық аралас жекпе-жек файтері Жалғас Жұмағұлов екі әйелі бар екенін және үшінші әйел алуды жоспарлап отырғанын айтып, қоғамда үлкен талқы тудырды.

Спортшы бұл мәлімдемені Home of Fight YouTube-арнасына берген сұхбатында жасаған. Аудармашының көмегімен сөйлеген Жұмағұлов қазіргі таңда екі әйелінен жеті баласы бар екенін, алайда мұнымен тоқтап қалмайтынын жеткізді.

«Енді ғана бастап жатырмын. Жақында үшінші әйел аламын», – деді ол күліп.

Журналистің бұл сөзді қалжыңдап айтты ма деген сұрағына спортшы ниетінің шынайы екенін растады. Сондай-ақ ол қазіргі екі жары бұл жағдайға қарсы емес екенін алға тартқан.

Бұл сұхбаттың үзіндісі әлеуметтік желіде тез таралып, қазақстандық боксшы Аида Сатыбалдинованың наразылығын туғызды. Ол Instagram парақшасындағы stories бөлімінде өз пікірін білдірді.

«Мұндай мақтанудың мәнін түсінбедім. Екі әйелің, жеті балаң бар екен – өз еркің. Бірақ Қазақстан – зайырлы мемлекет, бізде көп әйел алуға заң жүзінде тыйым салынған», – деп жазды спортшы.

Айта кетейік, көп әйел алу тақырыбы Қазақстанда бұған дейін де бірнеше рет қоғамдық талқыға түскен. Қараша айында Мәжіліс депутаты Абзал Құспан бұл институтты заңдастыру қажет деген пікір айтқанымен, өзі оған қарсы екенін атап өткен еді. Оның сөзінше, елде бірнеше әйелі бар ауқатты азаматтар аз емес, алайда заңда тыйым болғанымен, нақты жауапкершілік қарастырылмаған.

Сондай-ақ желтоқсан айының басында актер әрі жүргізуші Даурен Айдарқұловтың көп әйел алуға қатысты пікірлері де қоғам тарапынан қатаң сынға ұшыраған болатын.ф

Реклама
Реклама