Ол жағдайы жақсы екенін растады.
UFC жұлдыздарының бірі Хамзат Чимаев өзіне қатысты тараған даулы ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасап, Грозный қаласында болған жол-көлік оқиғасына еш қатысы жоқ екенін нақтылады. Әлеуметтік желіде кең тараған қауесеттерге қарамастан, спортшының аман-есен екені ресми түрде расталды.
Осыдан бірер күн бұрын әлеуметтік желілерде Грозныйда қайғылы жол апаты болды деген ақпарат тарады. Кейбір дереккөздерде бұл оқиғаға Шешенстан басшысы Рамзан Кадыровтың ұлы Адам Кадыров мінген кортеж қатысып, апат салдарынан UFC чемпионы Хамзат Чимаев қаза тапты деген жалған мәлімет жарияланған. Тіпті көшелердің жабылып, жедел қызметтердің жұмылдырылғаны туралы да айтылды.
Көп ұзамай Чимаевтың менеджері Махди Шаммас бұл қауесеттерді үзілді-кесілді жоққа шығарды.
«Сыбыстарға сенбеңіздер. Хамзат Абу-Дабиде, денсаулығы жақсы», - деді ол.
Сонымен қатар, беделді инсайдер әрі спорт журналисі Майк Бон да өз дереккөздеріне сүйене отырып, ақпараттың жалған екенін растады.
«Бұл шындыққа сәйкес келмейді. Бүгін Хамзатпен байланысқа шыққан бірнеше адам оның үйінде екенін және жағдайы жақсы екенін айтты», - деп жазды ол.
Бірнеше күн үнсіз болған Хамзат Чимаев бүгін әлеуметтік желіде хабарлама жариялап, қазіргі уақытта Абу-Дабиде екенін және жағдайы жақсы екенін мәлімдеді.
«Иманымыз бар кезде, бізге еш жамандық болмайды, иншаАллах», - деп жазды спортшы.