Марсель Нұрланбекұлымен қолғаптағы бокс ережесі бойынша кездесті
Қазақстандық файтер Еркебұлан Тоқтар Армения астанасы Ереванда өткен Hype FC 28 турнирінде өнер көрсетті.
Жеңіл салмақта өткен жекпе-жекте Еркебұлан қырғызстандық Марсель Нұрланбекұлымен қолғаптағы бокс ережесі бойынша кездесті. Тартысты өткен айқас қорытындысында төрешілер жеңісті бірауыздан қырғыз спортшысына берді.
Қазіргі таңда Еркебұлан Тоқтардың аралас жекпе-жектегі кәсіби рекорды 11 жеңіс, 3 жеңіліс болып тұр. Оның ММА ережесі бойынша соңғы жекпе-жегі өткен жылдың тамыз айында өтіп, сол кездесуде ирандық Фарзад Гадериді екінші раундта нокаутпен жеңген еді.
Ал Марсель Нұрланбекұлы ММА-да әзірге жеңілістің дәмін татпаған файтер саналады. Оның рекорды – 14 жеңіс, 0 жеңіліс. Қырғызстандық спортшы соңғы кездесуін 2024 жылдың тамызында өткізіп, өзбекстандық Фарход Эргишбаевты нокаутпен жеңген болатын.
Айта кетейік, Еркебұлан Тоқтардың соңғы жекпе-жегі 28 желтоқсанда Ташкентте өткен. Ол кезде қазақстандық файтер жергілікті спортшы Тимур Никулинді бірінші раундта нокаутпен ұтқан. Бұл кездесу де бокс ережесі бойынша ұйымдастырылған еді.