Ол Real American Freestyle (RAF) лигасының құрамында да бақ сынайды
Қазақстандық UFC жауынгері Асу Алмабаев жаңа ұйыммен ресми түрде келісімшартқа отырды.
Жеңіл салмақта өнер көрсететін қазақ спортшысы енді еркін күрес турнирлерін ұйымдастыратын Real American Freestyle (RAF) лигасының құрамында да бақ сынайды. Бұл туралы промоушен әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында хабарлады.
RAF ұйымы 2025 жылы Чад Бронштейн, Терри Фрэнсис және әйгілі рестлер Халк Хоганның бастамасымен құрылған. Қысқа уақыт ішінде лигаға әлемге танымал спортшылар қосылып үлгерді. Олардың қатарында UFC жұлдыздары Алджамейн Стерлинг, Арман Царукян, Белал Мұхаммад, сондай-ақ атақты балуандар Кайл Снайдер мен Бо Никал бар.
Айта кетейік, Асу Алмабаев келесі жекпе-жегін 27 маусым күні Әзербайжан астанасы Бакуде өтетін UFC Fight Night турнирінде өткізеді. Оның қарсыласы — америкалық файтер Чарльз Джонсон.